• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Наурыз, 2015

Бауырластар мақсаты – ұлт өнерінің бүтіндігін бекемдеу

513 рет
көрсетілді

Қытай елінде босағасын бекітіп, шаңырағын көтеріп, керегесін қалаған «Жаңа әуен» концерттік компания­сы өткен жылдың соңына қарай құт мекеніне оралып, жұртымыздың қаймағы бұзылмаған ұлттық әуендерін тыңдаушыға шашу етіп шашып жүр екен. Бұған дейін олар Алматыда, Өскеменде, Көкшетауда өнер көрсетсе, бүгін Астана жұртшылығымен дидарласады. Соған орай, «Жаңа әуен» концерттік компаниясының президенті Ербосын НұрмұХанұлын әңгімеге тартқан едік. – 1991 жылы Қазақ елі тәуел­сіздігін жариялағаннан кейін, шеттегі қазақтардың жан дүниесіне бір өзгеріс енді. Бұрынғыдай көп қатарында жүре бермей, ой-сананы ояту үрдісі әрқайсымыздың көңіл түкпірімізден орын алды. Қайтсек атажұртымызға септі­гімізді тигіземіз дедік. Менің ма­ман­дығым экономист еді, тірлі­гім жаман емес болатын. Бірақ төңірегімдегі қандастардың рухын қалай оятамын, қандай серпіліс жасасам деп жүретінмін. Бір күні Үрімжі қаласындағы базарды аралап жүрсем, қазақ әншілерінің үнтаспаларын өзге жұрттар сатып тұр. «Бұл үнтаспаларда не қамтылған, қандай әндер айтылады?» – десем олар толық жауап бере алмады. Содан барып, қазақ ән-күй таспаларын өзім сатуға көштім. Сөйтіп, базар­дағы қазақ үшін «қызмет» етіп жүргендерді ығыстырып шық­тым. Сәл ауқаттанған соң, ата­жұртыммен байланыс жасадым. 2001 жылы – Сәкен Қалымов пен Меруерт Түсіпбекованы, 2003 жылы – «МузАРТ» тобын, одан кейін 2004 жылы – әнші Тоқтар Серіковті, айтыстың ақтаңгері Оразәлі Досбосыновты шақырып, Қытайдағы қандастарға өнерін тамашалаттым. Шәмші Қалдаяқов пен Мұқағали Мақатаевтың еске алу кештерін өткіздім. – Ербосын, белгілі әнші Гүл­зира Бөкейхановамен бір жолы тілдескенімде көрші елде қазақ өнерінің өзіңдей бір жақсы жан­­ашы­ры бар, қазақ ән, би, күй­ле­рін миллиард халыққа таныс­ты­рып­ жүр деп еді. Сол рас болды ғой. – Гүлзираның ниетіне рахмет. Мен ұлт руханиятына жұ­мыс бастағанда ол куә болғаны анық. Көп халықтың ортасынан ойып орын алуы, әрине, оңай емес. Ізденесің, ұмтыласың. Қайт­кенде де тыңнан жол салу­ға талпынасың. Мысалы, қазір жұрт­тың сүйіспеншілігіне бөлен­ген «Қаражорғаның» әуенін «Сал­күрең» деген күйдің негізінде әнге айналдырып, Мерей Тұрдақын деген азаматқа сөзін жаздырып таратқан мен едім. Сонымен бірге, 120 адам қатысқан «Ағажай» деген сахналық қойылым жасадым. Бұл алты бөлімнен тұратын еді. Бәрінде қазақ халқының салт-дәстүрі көрініс табады. – Елорда жұртшылығына тартар тартуларыңыз қандай? – Ұлтымыздың ән-күйі, биі ғой. Ахметжан, Айнұр, «Дос» тобы,  Бақыткелді, Жанат секілді өнер өрендері, бұлбұл үнді Алтынай, Дәстүр сахна төрінен орын алатын болады. Осындай игілікті істі ұйымдастыруға ұйытқы бол­ған Мұрат, Айдын, Қуаныш, Мұрат­жан секілді жігіттердің де қосар үлесі ерекше. Біз елге «Ел не бере­ді?», деп келіп отырғамыз жоқ. «Біз не береміз?» деп келгендердің қатарын­дамыз. – Алға қойған мақсат-мін­деттерің де аз емес шығар? – Атажұртыма келген санаулы айлардың ішінде «Жібек жолы – шоу техника» деген атаумен бірлестік құрдық. Ондағы мақсат, концерттерге техникалық қызмет көрсету бойынша Қытай мен Қазақ елі арасында байланыс орнату. Себебі, концертке қажет сапалы техникалық құралдармен өзге жұрт өкілдері айналысу үстінде. «Мен осы істі өз қолымызға неге алмаймыз?» деген ізгі ниетпен іс бастадым. Қазірдің өзінде «Дала дауысы» фестивалінің концертін, «Наурыз» мерекесіне қатысты қойылымдарды техникалық жабдықтармен қамту, декорациясын жасауды іске асырдық. «Ұлттық шоуларға», «Еуразия» арнасында жүріп жатқан «X-factor» жобасына LED экрандарын қою оң нәтиже беруде. КТК телеарнасындағы «Қабатов шоу» мен «Бенефис шоуға» да біздің шоу-шырақтарымыз әр беруде. Алға қойған міндеттің бірі, елдің тәуелсіздігімен бірге, әр азаматтың еңбек етудегі тәуелсіздігі, яғни ұлттық жұмыс орындарын ашу. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтып келе жатқан барлық салада ұлттық өнім өндіру. Мен осы іспен айналысқалы екі ел көлемінде ондаған емес, жүздеген адамға жұмыс тауып беріп келемін. Бір кездері Қытай сериалдарын Қазақ еліне таратсақ, енді ата жұртымыздағы теледидардан көрсетіліп жатқан сериалдарды Қытай еліне жеткізудеміз. Бұл «Көшпенділер» киносынан бастау алған еді. «Кек» деген киноны да дайындап қойдық. Ендігі бір мақсат – «Жібек жолы бойында» деген бағдарлама. Бұл бағдарламаның негізін деректі дүниелер құрайды. Нақтылай түссек, Қазақ елінің айтулы тұлғалары туралы фильмдер жасап, әлем жұртшылығына көрсету. Қазір бұған біздің мүмкіндігіміз бар. Заманға сай техникалық құралдар да жеткілікті. Алматыда бір орталығымыз жұмыс істейді, енді Астанадан ашпақ ниеттеміз. Ұмтылғанға елімде мүмкіндік мол екен. Бір сөзбен айтқанда, заманауи техниканың ерекше жетістіктерін пайдалана отырып, экономикасы өскен Қазақ елінің бар рухани байлығын жасартып, жаңартып, жоғын түгендеп, біз де еш жұрттан кем емеспіз дегенді дәлелдеу. Мен миллиард халқы бар Қытай елінде қазақтың рухани құндылығын осы ниетте қолға алып, біраз жетістікке жеттім. Соны қазақ топырағында жалғастырсам, гүлдендірсем, өзгенің шоуына тамсанып жүрген жас ұрпақтың назарын өзіме аударып, өзімізде де бар екенін дәйектесем деген басты арман, ниет бар. – Ниетіңе жет. Арманың орындалсын. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».